Ұзынкөл ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Ұзынкөлдік орталықтандырылған кітапхана жүйесі» мемлекеттік мекемесі
0
Қазақ халқының қаһарман ұлы

Бауыржан Момышұлы (24 желтоқсан 1910 жыл-10 маусым 1982 жыл) - Кеңес одағының батыры, жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, стратег және тактик. Бауыржан Момышұлы әдеби ет майданында да әскери ерліктерінен еш кем емес каһармандық іс тындырған қаламгер екені баршаға мәлім. Оның шығармаларының негізгі тақырыбы жауынгерлік мінез-құлықтың қалыптасуы, елдік пен ерлікті дәріптеу, жастарды Отан қорғауға дайын тұру рухында баулу, әскери тәлім-тәрбие болып табылады. 

    

 

Бауыржан Момышұлының басты шығармалары: «Офицер күнделігі», «Бір түннің оқиғасы» (1956), «Москва үшін шайқас» (1958), «Майдандағы кездесулер» (1962), т.б. Кеңес Одағының батыры И.В.Панфилов жайында «Біздің генерал» деген

 ғұмырнамалық хикаят жариялады. Ал «Ұшқан ұя» повесі 1976 жылы Казақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Бауыржан Момышұлының "Ұшқан ұя" повесі (1974) - халқымыздың XX ғасырдың басындағы этнографиялық энциклопедиясы іспетті аса құнды, қазақ руханиятының қазынасы. Салт-сана, дәстүр, ұлттық келбеті өте шынайы суреттеледі.

1976 жылы  Мемлекеттік сыйлыққа ие болған  «Ұшқан ұя» кітабында он алтыншы жылдың дүрбелеңі мен күштеп ұжымдастыру кезіндегі тартыстар батыл айтылып, Кеңес өкіметі қалыптасуының алғашқы жылдары кеңінен қамтылған. «Ұшқан ұяда» әлем тарихы, жаратылыс шежіресі, жан-жануарлар болмысы, қауымының қалыптасуы, әлемнің пайда болуы, тірлік, өмір туралы алғашқы мағлұматтарды, азаматтық тұрғыдағы аңыз-әңгімелерді әжесінен естігенін үлкен сүйіспеншілік сезіммен есіне алған, сондай-ақ ненің жақсы , ненің жаман екенін, нені сүйіп, неден аулақ жүруді әжесінен үйренгенін мақтан етеді. Әкесі Момыш өз бетімен сауат ашқан, сол кездегі көзі қарақты адамдардың бірі болған. Ел арасында ағаш ұстасы және етікші, зергерлігімен танымал болатын.

Шығармада балалық шағында, көрген куә болған, есте қалған оқиғалар арқылы жалпы сол тұстағы әлеуметтік кезеңді, қоғамдық өмірді суреттеу мәселелерін басты міндет етіп қояды. Қаламгер өзінің ес біле бастаған кезінен мектеп табалдырығын аттағанға дейінгі өмірін еркін әңгімелейді. Повесте қазақ ауылының көрінісі байыпты да терең бейнеленеді.

Өткен оқиғаларды  әңгімелейтін шығарманың құндылығы да, өміршеңдігі де тарихи шындықтан, тарихи оқиғалардан алшақ кетпеуінде десек, Бауыржан Момышұлы да өзі өмір сүрген дәуірді шыншыл суреттеп, бастан өткенді ой елегінен өткізіп, өмір сыйлаған қуанышты, қиындықтарды шыншылдықпен жаза алды.

Бауыржан Момышұлының шығармаларының құндылығы бүгінгі таңда баға жетпес мұра болып табылады. Себебі, жастарды, жаңа ұрпақты сергек және өз ісіне сенетін, кедергілерден қорықпайтын, оның қандайын болса да, жеңе білетін күрескерлік рухта тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты талабы..